Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Аңыз актриса Меруерт Өтекешова жастармен кездесті

Қазақ киносының «Қыз Жібегі», халқымыздың сұлулық символына айналған Меруерт Өтекешева Түркістан төрінде.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешевамен студенттермен тағылымды кездесу өтті.

Университеттің «Өнер, медиа және кино дизайн» факультетінің ұйымдастыруымен өткен бұл кеште аңызға айналған актриса студенттермен сұхбат құрып, өзінің 17 жасынан басталған өнер жолы мен өмірлік тәжірибесі туралы бөлісті.

Кездесуде университет ректоры Жанар Темірбекова актрисаның Түркістанға келуін үлкен мәртебе деп атап өтіп, өзінің естелгімен бөлісті:

«Осыдан 17 жыл бұрын, 2009 жылы мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымында қызмет еткенімде, түркі әлемінің ғалымдары мақала жазатын арнайы журнал шығаратынбыз. Сол кезде «Қыз Жібек» дастаны туралы жазылған көлемді мақаланы өзім аударып, сақтап қойған едім. Бүгін арада жылдар салып, сол тарихи журналды Меруерт апайымыздың өзіне табыстасам », – деді ректор.

Меруерт Қаратайқызы өз сөзінде өнерге деген адалдық пен табандылықтың маңызына тоқталды. Ол атақты рөлге қалай таңдалғаны туралы естеліктерімен бөлісіп, болашақ мамандарға бағыт-бағдар берді:

«Көбісі мені қалай таңдады деп сұрайды. Бұл ең алдымен қажырлы еңбек пен ізденістің жемісі. Студенттерге айтарым: рөлді тек техникамен емес, жүрекпен ойнау керек. Өнердің биік белестерін бағындыру тек талант пен еңбекке ғана емес, ең алдымен, тұлғалық болмыс пен рухани тазалыққа байланысты. Мен өмірде де, өнерде де сатқындықты, жаныңдағы жақыныңды алдағанды ұнатпаймын. Бұл қасиеттер шығармашылық адамының ең басты жауы деп білемін» – деді актриса.

Сонымен қатар, ол өзінің өмірлік серігі, марқұм Құман Тастанбековпен өткен ғибратты ғұмырын тілге тиек етіп, жастарды отбасылық құндылықтарға адал болуға шақырды. Актрисаның айтуынша, нағыз өнер адамы жан-жақты білімді болуы шарт. Ол ағылшын тілін білудің маңызын, кітап оқу мен елдегі саяси-құқықтық өзгерістерден хабардар болудың тұлғалық қалыптасуға әсерін ерекше атап өтті.

Шараның соңында студенттер Меруерт Өтекешеваны туған күнімен құттықтап, өздерінің арнау өлеңдерін оқып, ыстық ықыластарын білдірді.

Кездесу тағылымды сәтке ұласты. Аңыз актриса университет ауласына шығып, жас буынмен бірге естелік көшетін екті. Кеш соңында Меруерт Өтекешева студенттерге ерекше ризашылығын білдіріп, жылы лебіздерін қабылдағаны үшін алғыс айтты.

Ақниет Қалдыбекова

Басқа жаңалықтар

Back to top button