Басты жаңалықтар

Ауыл балаларына жаңа мүмкіндік: Түркістанда жаңа буын орталықтары бой көтеруде

Түркістан облысында ауыл балаларының қосымша білім алуына жағдай жасайтын жаңа буын даму орталықтары салынып жатыр. Оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетеді.

Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қор өкілдерімен Zoom форматында өткен кездесуінде белгілі болды. Жиында ауыл балаларына қосымша білім беру және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру мәселелері қаралды.

«Жасампаз ұрпақ: Түркістан облысында қосымша білім беруді дамыту» жобасы ауыл балаларының шығармашылық үйірмелерге, заманауи бағыттарға және жаңа технологияларға қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Өңір халқының шамамен 38 пайызы – балалар. Ал тұрғындардың 75 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Осыған байланысты ауылдардағы қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріліп отыр.

Қазір Сарыағаш және Жетісай аудандарында 600 орындық төрт орталық, Мақтаарал және Келес аудандарында 300 орындық нысандар салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қордың Қамқоршылық кеңесі жобаны қолдады. Бөлінетін қаражат жаңа орталықтарды қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button