Басты жаңалықтар

Жетісайда Жаңа Конституция жобасы депутаттар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен талқыланды

Жетісайда «Халықтық Конституция» жобасы этномәдени бірлестік өкілдерімен талқыланды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Түркістан облысы Жетісай ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты аудандық коалиция мүшелері жергілікті этномәдени бірлестік төрағаларымен және белсенділерімен кездесті. Жиынның басты мақсаты — Конституциялық реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру және қоғамдық қолдауды нығайту.

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы әрі коалиция жетекшісі Асқар Қайназаров және коалиция мүшелері қатысты.

Жиын барысында жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ әділетті басқару жүйесін қалыптастыру бағыттары егжей-тегжейлі талқыланды. Спикерлер атап өткендей, негізгі заңға енгізілетін өзгерістер экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға тікелей ықпал етпек.


Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өз сөзінде реформаның тарихи маңызына тоқталды:

«Қазақстанның жаңа Конституциясы — Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдары мен халықтың талап-тілегі ұштасқан тарихи құжат. Бұл — халықпен бірге жазылған нағыз «Халықтық Конституция». Ол елімізді жаңа деңгейге көтеретін іргелі реформалардың шырқау шыңы болмақ»,— деді депутат.

Өз кезегінде этномәдени бірлестік өкілдері мен аудан тұрғындары ел болашағына бағытталған маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, өз пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар бұл реформалардың білім мен технологияға негізделген бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Кездесу соңында ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту арқылы ортақ мақсатқа жетудің маңыздылығы сөз болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button