Қазығұртта 273 млн теңгеге газобетон зауыты ашылды

«Қазығұрт» индустриялық аймағында «ЮКГУ» ЖШС-нің газобетон блоктарын шығаратын жаңа зауыты ашылды. 273 миллион теңге инвестиция құйылған жоба 30 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің құрылыс нарығын отандық өніммен толықтырмақ, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Қазығұрт ауданында құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асырылды. «Қазығұрт» индустриялық аймағында газобетон блоктарын өндіретін жаңа кәсіпорын ресми түрде жұмысын бастады. Жалпы инвестициялық құны 273 миллион теңгені құрайтын «ЮКГУ» ЖШС өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Кәсіпорын тәулігіне 200 текше метр дайын өнім шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіш аудан мен көршілес аймақтардағы құрылыс нысандарын сапалы әрі қолжетімді газобетонмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа зауыт тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да тиімді. Бүгінде мұнда 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс тауып, еңбек етуде. Нысанның ашылу салтанатына М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки мен аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысты.

Салтанатты шарадан кейін қонақтар өндіріс цехтарын аралап, блоктарды дайындаудың технологиялық процесімен танысты. Болашақта кәсіпорын ауқымын кеңейтіп, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.



