ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ “КАЛЬКУЛЯТОР БАЛА” ТУРАЛЫ ЕСТІДІҢІЗ БЕ?

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауылында ерекше қабілетімен елді таңғалдырған бала өсіп келеді. Небәрі 4 жастағы Әли Адамбек екі және үш таңбалы сандарды ойша есептеп, көбейту амалдарын ағылшын тілінде еркін орындайды , деп хабарлайды turkistanlife.kz
Жасы кішкентай болғанымен, ойлау деңгейі ересектермен тең. Балабақша тәрбиешілері оның білімге құштарлығын ерте байқап, мектепке бағыттаған. Қазір ол дайындық сыныбында оқиды, бірақ логикалық есептерді жоғары сынып оқушыларынан кем шығармайды.
Алтынтөбе орта мектебі мұғалімдерінің айтуынша, Әли 5–6 сынып оқушыларына арналған күрделі тапсырмаларды да жылдам әрі дәл шешеді.
Анасы Нұргүл Мырзағали баласының қызығушылығы ерекше екенін айтады: басқа балалар мультфильм көрсе, Әли ағылшын тіліндегі математикалық видеоларды қарайды. Ұйықтар алдында ертегі емес, есеп шығарып, көбейту кестесін қайталауды сұрайды.
Әли әліппені толық меңгерген. Қазірдің өзінде ағылшын тілінде жазуды үйренуге ниетті. Оның: «Маған балабақша емес, мектеп қызық. Сабақ жазбағандар ұнамайды» деген сөзі білімге деген ынтасын айқын көрсетеді.
Дарынды балаға ұстаздар да, ауыл тұрғындары да үлкен үміт артып отыр.



