Кварц құмының құпиясы
Нұралхан Көшеров Қытайдан қандай миллиардтық өндіріс алып қайтты?

Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті халықаралық деңгейде жаңа белеске көтерілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапары аясында әлемдік нарықтағы ең ірі өнеркәсіптік және энергетикалық алпауыттармен маңызды келісімдер жасасты. Бұл келіссөздер өңірге миллиардтаған қаржы әкеліп қана қоймай, Түркістанды Орталық Азиядағы «жасыл энергетика» мен индустрияның басты орталығына айналдыруы мүмкін.
Келіссөздердің алғашқы кезеңі әлемдік деңгейдегі әйел шыны өнімдерін шығаратын Kibing Group компаниясымен өтті. Тараптар Түркістан облысы аумағында флоат-шыны (құрылысқа арналған жоғары сапалы шыны) өндіретін және кварц құмын терең өңдейтін ірі өндірістік кешен салу жобасын бекітті.

Түркістан облысы кварц құмының қоры бойынша Қазақстандағы ең бай өңірлердің бірі саналады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның маңызына ерекше тоқталды:
«Бұл жоба тек Түркістанның ғана емес, тұтас еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырады. Бүгінде елімізде шыны өнімдеріне сұраныс жоғары. Жаңа зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, жүздеген тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.

Қытайлық инвесторлар өңірдің қолайлы бизнес ахуалы мен логистикалық артықшылықтарына жоғары баға беріп, ұзақ мерзімді серіктестікке дайын екендіктерін жеткізді.
Сапардың ең сенсациялық жаңалығы – Қытайдың энергетика саласындағы көшбасшысы China Energy компаниясымен жасалған уағдаластық болды. Кездесуде қуаттылығы 1500 мегаватт (МВт)болатын ауқымды жел электр станциясын салу жобасы мақұлданды.

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «жасыл» экономиканы дамыту және баламалы энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасымен толық үндеседі. Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшелігі, әсіресе табиғи жел күші мұндай ірі жобаны жүзеге асыруға әрі өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.
Нұралхан Көшеров қытайлық іскер топтармен кездесуде Түркістан облысының кез келген заңды инвестор үшін қауіпсіз әрі сенімді серіктес екенін атап өтті. Әкімдік тарапынан инфрақұрылым жүргізу және заң аясында қолдау көрсету шаралары толықтай кепілдендірілген.
Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың алпауыт компанияларымен басталған бұл ынтымақтастық Түркістан облысын жақын жылдарда отандық және шетелдік өндіріс қуаты шоғырланған индустриялық хабқа айналдырмақ.



