Түркістанда 1,5 млрд теңгелік акватуризм жобасы басталды

Түркістан облысында туризм мен агроөнеркәсіп саласын ұштастыратын ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шаға ауылдық округіне арнайы барып, инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Кездесу барысында акватуризмді дамыту, жасанды су айдындарын тиімді пайдалану және заманауи балық шаруашылығы кластерін құру мәселелері жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды тапсырды.
Қазіргі таңда Шаға аумағындағы жасанды көл ретке келтіріліп, инфрақұрылымдық жұмыстар басталып кеткен. Жобалардың бастамашысы – GOLD FISH TURKISTAN ЖШС.

Акватуризмді дамытуға бағытталған жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Нысанның аумағы 8 гектарды қамтып, бір маусымда 100 мыңға дейін турист қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба іске қосылған соң 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, заманауи балық шаруашылығы кластерін құру жобасы да қатар жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа арнайы жер телімі бөлініп, жобаның жалпы құны 1 млрд теңге деп белгіленген. Кластер 2027 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жоба толық қуатына шыққанда жылына 300–400 тонна балық өндіру көзделген. Нәтижесінде тағы 20 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы, аталған жобалар жүзеге асқаннан кейін Шаға аумағы балық шаруашылығы мен туризмді қатар дамытатын жаңа орталыққа айналмақ. Сонымен бірге мұнда қонақ үйлер салынып, жағажай туризмі де қарқын алады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді бастамалар өңір экономикасын әртараптандырып, ішкі туризмді дамытуға серпін береді.



