Басты жаңалықтар

Вегетациялық кезеңге дайындық барысы пысықталды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі вегетациялық кезеңге дайындық барысы талқыланды. Басты міндет – су ресурстарын тиімді басқару және егіс алқаптарын әртараптандыру, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Өткен жылғы күрделі климаттық жағдайларды ескере отырып, Үкімет биылғы суару маусымына дайындықты күшейтті. Кеңес барысында вице-премьер Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдерімен бірге су тапшылығы орын алған жағдайда атқарылатын іс-қимыл жоспарларын қарастырды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға арналған стратегиялық жоспарды іске асыруда. Оның аясында бірқатар маңызды шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, әр өңірге бөлінетін су лимиттері бекітіліп, олардың сақталуы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар, ылғалды көп қажет ететін күріш пен мақта алқаптарын қысқартып, олардың орнына жүгері, соя және майлы дақылдарды егу көзделген. Суды заңсыз пайдалану мен ресурстардың заңсыз айналымының алдын алу шаралары да күшейтіледі.

Өңірлер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар: Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының жобалары әзірленуде, 1300 шақырымнан астам канал тазартылуда, су үнемдеу технологиялары 114 мың гектар алқапқа енгізілді. Қызылорда облысында күріш егіс алқаптары 70 мың гектарға дейін қысқартылады, лазерлік тегістеу және ылғалды сақтайтын инновациялық препараттар қолданысқа енгізілді. Жамбыл облысында егіс алқаптары 16,7 мың гектарға оңтайландырылды, жерасты суларын пайдалану бойынша пилоттық жобалар іске қосылды. Алматы облысында 72 су нысанына күнделікті мониторинг жүргізілуде, су қоймаларының орташа толу деңгейі 61 пайызды құрайды. Жетісу облысында 1,3 млрд текше метр су лимиті бекітілді, су шаруашылығы саласында 5 ірі жоба іске асырылуда, 335 шақырым арна тазартылуда.

Кеңес барысында Балқаш–Алакөл, Шу–Талас және Арал–Сырдария бассейндерінің жағдайына ерекше назар аударылды. Әсіресе, Шардара су қоймасының толтырылу деңгейі тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.

«Жинақталған тәжірибені ескере отырып, вегетациялық кезеңнің түрлі сценарийлеріне, соның ішінде су тапшылығы мен ауа райының төтенше құбылыстарына дайын болу қажет», – деді Қанат Бозымбаев.

Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы алдағы суару маусымын тұрақты өткізіп, диқандардың өнімін сақтап қалуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button