Басты жаңалықтар

«Заң мен тәртіп» – жарқын болашақ кепілі: Түркістанда «Сақшы» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Көшеде немесе әлеуметтік желіде «картаңды бере тұр, ақша аударып едім, сыйақысын беремін» деген ұсынысты естігенде бір сәт ойланған шығарсыз. Бүгінгі жастар үшін бұл жай ғана оңай олжа көрінуі мүмкін, бірақ арты қылмыстық жауапкершілікке апарарын көбі біле бермейді.

Түркістандағы «Конгресс холл» кешенінде өткен «Сақшы» интерактивті ойыны мен бейнероликтер байқауы дәл осы ащы шындықты ортаға салып, жас ұрпақтың көзін ашуға бағытталды.

Облыс әкімдігі мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған шара жай ғана марапаттау рәсімі емес, қоғамдағы өзекті дертке қарсы қойылған нақты тосқауыл болды. Жиынға аймақ басшысы Нұралхан Көшеров бастаған жауапты тұлғалар қатысып, президенттік «Заң мен тәртіп» қағидатын әрбір жастың санасына сіңіру қажеттігін қатаң ескертті. «Білімге ұмтылмай, тәртіп бұзу – болашаққа балта шабумен тең», – деген өңір басшысының сөзі әрбір ата-ана мен ұстаздың ойланарлық дүниесі.

Бұл жобаның басты ұтысы – жастарды  құрғақ теориямен емес, өмірлік мысалдармен тәрбиелеу. Интерактивті ойын барысында оқушылар «жеңіл ақшаның» артында қандай киберқылмыс пен қаржылық қатер жатқанын өз көздерімен көріп, талдады. Жеке деректерін алаяқтарға ертерек ұстатып қоятын бейғамдық қай жерге апаратынын ұқты. Ал жастар түсірген әлеуметтік бейнероликтер олардың бұл мәселеге бейжай қарамайтынын, өз болашағына алаңдайтынын көрсетті.

Тартысты сайыс соңында төрт бағыт бойынша оза шыққан 12 жүлдегер марапатталды. «Алғашқы карта» санатында Нұралы Алимов топ жарса, «Қаржылық мониторинг» бағытында Мұхамедқанапия Рүстемұлы,«Ақылды сақшы» сапында Айша Ордабай, ал «Жеңіл ақша» бәйгесінде Шұғыла Мырзахожа жеңімпаз атанды.Сонымен қатар өз қолдарымен мазмұнды ролик жасаған 150 оқушы мен білім саласының 5 өкілі арнайы марапатқа ие болды.

Бұл сайыс бір сәттік шара емес. Бұл – ертеңгі күні елдің тізгінін ұстайтын жастарды алдағы қатерден қорғайтын қалқан. Өйткені заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтыны анық, ал арзан ақша іздегендердің соңы өкінішке соқтырмауы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button