Түркістанда 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленді
Түркістан облысында 2026 жылдың алғашқы 10 айында заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Осы кезеңде 332 құқық бұзушылық анықталып, есірткі жарнамалайтын 1360 интернет-ресурс бұғатталды. Бұл туралы «Есірткісіз болашақ» облыстық форумында мәлім болды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен жастарды қосқанда 1000-ға жуық адам қатысты.
Форумда есірткі қылмысына қарсы күрес және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері көтерілді. Қатысушыларға полицияның робот иті, дрон, қызметтік иттердің жұмысы мен арнайы жасақтың күдіктіні ұстау тәсілдері көрсетілді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жастарды зиянды әдеттерден қорғауда қолайлы орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бүгінде өңірде 950 мыңнан астам бала мен жас бар. Олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін 3595 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл пайдалануға беру жоспарланған 58 нысанның 31-і ашылған.
Ал облыстық Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров есірткі саудасына қатысы бар адамдарға заң аясында қатаң шара қолданылатынын айтып, ата-аналар мен ұстаздарды жасөспірімдер тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Полицияның мәліметінше, есепті кезеңде есірткіні жарнамалайтын 515 граффити жазбасы жойылып, 2320 банк картасының айналымына шектеу қойылған. Сондай-ақ 1300-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, 144 мыңнан астам адам қамтылған.
Форум облыста өткен есірткіге қарсы онкүндіктің қорытындысы болды. Оның аясында аудан-қалаларда жастармен кездесулер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.


