Басты жаңалықтар

7 мың интернет-дүкен жабылды: Түркістанда ТМҰ прокурорлары бас қосты

11 қыркүйекте Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Бас прокурорлары кеңесінің 5-отырысы өтті. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Түркия прокуратураларының басшылары қатысты.

Кездесуде интернет, криптовалюта және цифрлық платформалар арқылы жасалатын есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері қаралды. Тараптар ақпарат алмасу, бірлескен тергеу және қылмыстық желілерді анықтауда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану жолдарын талқылады.

Қазақстан соңғы бес жылда 400-ден астам есірткі зертханасын жойып, 75 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. Сондай-ақ 720 есірткі тасымалдау арнасының жолы кесіліп, 147 тоннадан астам есірткі тәркіленген.

2025–2026 жылдары цифрлық платформалармен бірлескен жұмыс нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 7 мыңға жуық интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды.

Қазақстан ТМҰ елдері арасында есірткі бизнесі туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін халықаралық цифрлық платформа құруды ұсынды. Оның пилоттық жобасын Өзбекстанмен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр.

Жиында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратуралары арасында мемлекеттік айыптауды қолдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды.

Кездесу қорытындысында тараптар есірткі бизнесіне қарсы күресте, цифрлық криминалистика мен қаржылық тергеп-тексеруде бірлескен жұмысты күшейтуге келісті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button