Басты жаңалықтар
Қазақстанда алғаш рет: Түркістанда автобус пен жүк көлігіне арналған шина шығаратын зауыт салынады

Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы 2 гектар аумақта полимерлік дисперсияларды синтездеуге арналған автоматтандырылған зауыт, 3,1 гектар жерге мақта мен сабаннан целлюлоза өндіретін зауыт және 2 гектар аумақта күнбағыс майын өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында айтылды. Жиында жаңа инвестициялық жобалар зерделеніп, іске асыру мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігі жан-жақты қаралды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Басты міндет – өңірге жаңа инвестиция тартумен қатар, әрбір жобаның нақты нәтижесін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс көлемін арттыру екені атап өтілді. Сондай-ақ арнайы аймақтардан бөлінген жерлерде 6 ай ішінде құрылыс жұмыстары басталмаған жағдайда, жер мемлекет меншігіне қайтарылатыны ескертілді.
Штаб отырысында таныстырылған жаңа жобалар қолдау тауып, бірқатар кәсіпорындардың құрылысы қыркүйек айында басталатын болды. Мәселен, Сауран ауданындағы «Turan» АЭА аумағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт пен 17 гектар жерге Қазақстанда алғаш рет жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар өндіретін зауыттың құрылысы жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сауран ауданы Шойтөбе ауылында сұйытылған көмірсутек газын сақтау және автоцистерналарға құю базасы, ал Мақтаарал ауданындағы «Turan» АЭА-да 5 гектар жерге жіп иіру фабрикасы салынады. Сондай-ақ Сайрам ауданында қойма кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда.
Жиында 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар мен шет елдік капиталдың қатысуымен инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар туралы Жетісай және Шардара аудандарының әкімдері баяндады. Жаңа жобалардың іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы, өңірге инвестиция тарту жұмыстары жоғары нәтиже беріп, соңғы 8 жылда Түркістан облысының экономикасына жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылды.



