Журналистер бильярд үстінде бақ сынады

Түркістанда Қазақстанның Құрметті журналисі, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Оңтүстік» телеарнасының негізін қалаушы Байдулла Қонысбектің 85 жылдығына арналған БАҚ өкілдері арасындағы бильярд турнирі өтті.
Жарысқа Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан келген журналистер қатысты. Турнирдің басты мақсаты – ардақты журналистің өнегелі жолын ұлықтап, әр өңірдегі БАҚ өкілдерінің кәсіби әрі достық байланысын нығайту.

Іс-шараның ашылуында сала өкілдері Байдулла Қонысбектің журналистикаға сіңірген еңбегін атап өтіп, естеліктерімен бөлісті. Турнирге зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де қатысты.
Жарыс қорытындысында Жамбыл облысынан келген «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған жеңімпаз атанды. Екінші орынды танымал фототілші Самат Мырзалиев иеленсе, үшінші орын «Қазақстан» ұлттық арнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұлға бұйырды.
Сонымен қатар қатысушылар арасында «Дресс код», «Жасы ең үлкен қатысушы» секілді арнайы аталымдар бойынша да жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.

Турнирді Бәйдібек аудандық әкімдігі мен мәслихаты, «Respublica» партиясының Түркістан облыстық филиалы, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы және Байдулла Қонысбектің шәкірттері ұйымдастырды.
Іс-шара соңында Байдулла Қонысбектің рухына Құран бағышталып, ас берілді.



