
Түркістан облысында ардагерлер ұйымдарының жұмысын күшейту мәселесі күн тәртібіне шықты. Соның ішінде Мақтаарал ауданындағы жағдай ерекше назар аудартты. Мұнда 10 520 ардагер небәрі 11 бастауыш ұйымға біріктірілген. Бір ұйымға орта есеппен мыңға жуық ардагерден келеді.
Осы мәселе Түркістанда өткен облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген Төралқа мәжілісінде талқыланды. Жиында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, Қазақстан ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Әбдіғали Құсайыновтың «Даналық формуласы» мақаласы мен «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» құжаты жобасын іске асыру, сондай-ақ бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, басқарма басшылары, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, салалық ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» өкілдері қатысты.

Бүгінде Түркістан облысында 562 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамында 154 мыңнан астам ардагер бар. Мәжілісте бастауыш ұйымдардың санын көбейту, оларға жеке кабинеттер қарастыру, материалдық-техникалық базасын нығайту және әдістемелік қолдау көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ зейнетке шыққан азаматтарды ардагерлер ұйымдарының жұмысына белсенді тарту мәселесі көтерілді.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды сақтау, жастарды еңбекқорлыққа, адалдыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу жөніндегі бастамаларына тоқталды. Оның айтуынша, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесі маңызды рөл атқарады.

Қазір өңірде ардагерлердің бастамасымен мектептерде, жоғары оқу орындарында және әскери бөлімдерде жастардың тарихи-мәдени санасын қалыптастыруға бағытталған кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Мәжілісте бұл жұмыстарды одан әрі жүйелеп, ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыру қажеттігі айтылды.



