Басты жаңалықтар

13 мың турист таңдаған парк

Табиғаты көз тартатын мекенге қызығушылық артып келеді.

Жыл басынан бері «Сырдария–Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай, Сырдария және Түркістан филиалдарына 13 262 турист келген. Келушілер санының артуымен бірге парк аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар да күшейтілген.


Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте парктің туризм бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Тәжиева мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде парк аумағындағы 47,3 гектар жер туристік мақсатта ұзақ мерзімді пайдалануға берілген. Қазір 14 жер пайдаланушымен келісімшарт негізінде жұмыс жүргізіліп жатыр.


Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Биыл парк 15 жалпы білім беретін мектеппен ынтымақтастық орнатып, мектеп орманшылықтары аясында ағаш отырғызу, экологиялық акциялар, танымдық экскурсиялар мен табиғатты қорғау шараларын өткізуде.

Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін парк аумағында үш ақпараттық бекет орнатылып, Kaspi QR арқылы төлем жасау жүйесі іске қосылған. Алдағы уақытта табиғи экожүйелерді сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау және экологиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.


Брифинг барысында парк аумағындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі де көтерілді. Орман қорғау инженері Баубек Құралбектің айтуынша, өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында 2 152 шақырым минералды жолақты күтіп-баптау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 1 771 шақырымында жұмыстар аяқталған.

Сонымен қатар 700 ескерту тақтайшасы жаңартылып, 24 қызметкер арнайы дайындықтан өткен. Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтарға қатысты 4 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.


Ең бастысы, 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша парк аумағында бірде-бір орман өрті тіркелмеген. Бұл табиғатты қорғау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button