Басты жаңалықтар

31,6 миллиард теңге қайда жұмсалады?

Түркістан облысында биыл 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алды. Биыл құрылыс басқармасы арқылы 45 әлеуметтік нысанның құрылысына 31,6 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі таңда 8 нысан ел игілігіне берілді, ал 32 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қалған 13 жоба келесі жылға өтпелі болады.


Білім беру саласында 16 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 8 мектептің екеуі пайдалануға берілсе, қалғаны жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталмақ. Сонымен қатар Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында балаларды дамытуға арналған төрт жаңа орталық салынып жатыр.

Денсаулық сақтау саласында Түркістан қаласында 80 орындық перзентхананың құрылысы 70 пайызға аяқталған. Бұдан бөлек, Сарыағашта 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.


Мәдениет саласында 13 нысанның бесеуі пайдалануға берілсе, спорт бағытында Сауран ауданындағы спорт кешені ашылды. Жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын іске қосу жоспарланған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне барлық әлеуметтік нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтап, бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button