Экспортқа жол ашылды
Кентауда жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын екі жаңа өндіріс орны іске қосылды.

Жобалар Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің ресми сайтында жарияланып, Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілді.
Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Kentau Cable Industries» зауыты жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель өндіреді. Құны 1,7 млрд теңге болатын кәсіпорын жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель мен 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін шығаруға қауқарлы. Мұнда өнімді дайындаудың толық өндірістік тізбегі қалыптастырылып, автоматтандырылған заманауи жабдықтар пайдаланылады. Кәсіпорында 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ал «ElectroCore» зауыты электр жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығарады. Жобаға 1,5 млрд теңге инвестиция салынған. Өндіріс орны жылына 12 мың дана өнім шығара алады. Мұнда да 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, елімізде электр техникалық өнімдерді өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік жасалды.
Екі кәсіпорынның ашылуы Кентаудың өндірістік әлеуетін күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге, өңірге инвестиция тартуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Айта кетейік, жаңа өндіріс орындарының ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымдарын жаңа бастамаларымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.



