Ширек ғасыр бойы жасырын ұсталды
Сырдария бойында Қызыл кітапқа енген жануарлар қаптап кетті

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген, жойылып кету қаупі төнген Бұхар бұғыларының саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 300-ден асты.

Жабайы табиғатты қорғаушылардың ширек ғасырлық еңбегі ақталып, Сырдария тоғайларында бұғылар еркіндікте өсіп-өніп жатыр, деп хабарлайды тілшіміз.

Бұл туралы «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде өткен арнайы баспасөз турында мәлім болды.
Жойылып бара жатқан Бұхар бұғыларын сақтау миссиясы сонау 1999 жылы Бүкілдүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қолдауымен басталған еді. Бастапқыда Түркістан қаласының 1500 жылдығына сыйға тартылған санаулы бұғының саны бүгінде 319-ға жеткен.

Қазіргі таңда бұғылардың 41-і арнайы күзетілетін, аумағы 22 гектарды құрайтын тұқымбақта бағылуда. Жануарлардың қауіпсіздігі үшін мынадай шаралар жасалған. Тұқымбақ аумағы биіктігі 3 метрлік темір тормен толық қоршалған. Браконьерлерден қорғау үшін периметр бойынша тұрақты бейнебақылау камералары мен фототұтқыштар орнатылған. Мемлекет тарапынан бұғыларға арнайы дәрі-дәрмек пен жем-шөп уақтылы жеткізіліп тұрады.

Ақбөкендер сияқты еркіндікті сүйетін бұғылардың қалған бөлігі Шөгірлі тұқымбағына жерсіндіріліп, Сырдария өзенінің бойындағы табиғи тоғайларға жіберілген. Инспекторлар жануарлардың санын фототұтқыштар арқылы есептеп отыр.
Баспасөз туры аясында журналистерге бұғылардан бөлек, тағы бір ерекше жоба таныстырылды. 2017 жылдан бастап өңірде Сырдария қырғауылын жаппай көбейту жұмысы қолға алынған.
Бүгінгі таңда арнайы құсшылар бағып отырған қырғауыл тұқымбағында 2012 бас құс күтіп-бапталуда. Олар да кезең-кезеңімен облыстың жабайы табиғатына жіберіліп тұрады.



