Басты жаңалықтар

Таудағы жаңа жобалар

Түркістан облысының таулы аймақтарында алдағы жылдары ірі туристік жобалар жүзеге асуы мүмкін.

Осы бағыттағы жоспарларды талқылау үшін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінде көшпелі кеңес өткізді.


Жиынға 50-ден астам отандық және шетелдік инвестор қатысып, өңірдегі экотуризмді дамыту жолдарын ортаға салды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, табиғатты сақтай отырып туризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және инвестиция тарту мәселелеріне басымдық берілді.


Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық парктердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканы дамытуға мүмкіндік бар екенін айтты. Сонымен қатар инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.


Кеңесте Біркөлік шатқалында демалыс аймағын салу, Қасқасу шатқалында туристік-рекреациялық кешен тұрғызу және Сайрамсу шатқалында туристік инфрақұрылым қалыптастыру жобалары ұсынылды. Сондай-ақ Төлеби мен Түлкібас аудандарында халықаралық талаптарға сай туристік апарт-кешендер, бутик-қонақүйлер және демалыс аймақтарын салу жоспарлары таныстырылды.


Жиында KASKASU халықаралық тау шаңғысы кластерінің тұжырымдамасы да көпшілік назарына ұсынылды. Қытайлық компаниямен бірлесіп іске асырылуы жоспарланған жобаның инвестициялық көлемі шамамен 172 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында туристік ауылдар, қонақүйлер, спорт және ойын-сауық нысандары, заманауи аспалы жолдар салынып, курорттың жыл бойы жұмыс істеуіне жағдай жасалмақ.

Нұрлыбек Нәлібаев экотуризм табиғатты қорғау мен экономикалық дамуды қатар алып жүретін маңызды бағыт екенін атап өтті. Ол инвесторларға жобалардың сапалы әрі уақытында орындалуы керектігін ескертіп, келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда жер мемлекетке қайтарылатынын айтты.

Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тікұшақпен ұлттық парк аумағын әуеден шолып, табиғи және туристік әлеуетімен танысты.


Кеңес қорытындысында жауапты органдар мен инвесторларға жобаларды жедел іске асыру, өзара жұмысты күшейту және «Сайрам-Өгемнің» халықаралық туристік тартымдылығын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button