
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған дүбірлі салтанатты жиын өтті. Шара барысында өңір басшысы Нұралхан Көшеров ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, үздіктерді мемлекеттік марапаттармен марапаттады.

Сондай-ақ жиында қатерлі дерттен аман қалған азаматтар сөз сөйлеп, өмірлерін сақтап қалған дәрігерлерге көз жастарына ерік беріп алғыс айтты.

Мерекеде тек мақтау сөздер ғана айтылған жоқ, нақты сыйлықтар да табысталды. Жыл қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің кілті табыс етілді.

Өңірдегі бес оңалту орталығына демеушілер есебінен құрал-жабдық сатып алу үшін 2 миллион теңгенің сертификаттары берілді. Үздік дәрігерлер «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және облыс әкімінің грамоталарымен марапатталды.

Соңғы жылдары өңірдегі денсаулық сақтау саласы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген.Мысалы 42 ағза трансплантациясы.

Бұрын тек шетелде немесе Астанада ғана жасалатын күрделі оталар енді Түркістанда жасалады. Дәрігерлер бір жылда 75 мыңнан астам отаны сәтті аяқтаған. Нәресте өлімі көрсеткіші бірден 18,3%-ға төмендеді. 486 ауылдағы 434 мыңнан астам тұрғын жылжымалы кешендер арқылы тегін тексеруден өтті. Биыл ауылға аттанатын 73 жас маманға мемлекеттік көмек беріледі.

Соңғы 3 жылда облыста 115 жаңа медициналық нысан салынды. Қазір тағы 25 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Жедел жәрдем паркі тағы 60 жаңа автокөлікпен толықты.

Шара соңы елімізге танымал жұлдыздардың қатысуымен өткен үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.



