Басты жаңалықтар

Сапасыз тауарға тосқауыл

Сөрелердегі әр екінші өнім талапқа сай емес — тұтынушыны кім қорғайды?

Қазақстанда сапасыз өніммен күрес күшейіп келеді. 2023 жылдың соңында іске қосылған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында биыл да еліміздің барлық өңірінде тексеру жұмыстары жалғасты. Жобаның басты мақсаты – тұтынушыларды сапасыз тауардан қорғау, жосықсыз өндірушілердің жолын кесу және нарықтағы адал кәсіпкерлерді қолдау.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы тексеру нәтижелерін жариялады.

Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында ел аумағында 363 түрлі өнім сатып алынып, арнайы тексеруден өткен. Нәтижесінде олардың 179 түрінен заң бұзушылық анықталған. Бұл – тексерілген өнімдердің 49 пайызы талапқа сай емес деген сөз.

Мамандардың мәліметінше, анықталған кемшіліктердің басым бөлігі өнімнің таңбалануына қатысты. Яғни кей тауарларда құрамы, жарамдылық мерзімі немесе өндіруші туралы ақпарат дұрыс көрсетілмеген. Ал қалған бөлігі санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауына байланысты болған.

Тексеру қорытындысы бойынша 136 кәсіпкерлік нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мамандар мұндай бақылау жұмыстарының басты мақсаты айыппұл салу емес, ең алдымен халық денсаулығы мен тұтынушы құқығын қорғау екенін айтады. Себебі сапасыз өнім – қарапайым сатып алушы үшін үлкен қауіп.

Сондықтан мамандар тұрғындарды өнім аларда оның қаптамасына, жарамдылық мерзіміне және таңбалануына мұқият қарауға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button