
Елордада жылдың ең ауқымды шарасы – «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі басталды. Бүкіл Қазақстаннан жиналған 600-ден астам бизнестің ішінен Түркістан облысының өнімдері оқырман мен инвесторлардың назарын ерекше аударды.

Түркістандықтар Астана жұртына не алып барды дейсіз ғой? Таңдай қақтырар дәм де, ауыр өнеркәсіп те осы жерде. «Балмуздак» компаниясының бәріміз сүйіп жейтін атақты «Ленгерское» балмұздағы, «BEIBARS BOTTLERS» шығаратын экзотикалық RC Cola сусындары, «DALA-FRUIT.KZ» брендінің табиғи алма шырындары мен «AYKAN» компаниясының атақты «Эмир» ірімшігі.
Бұдан бөлек, кабель, скотч, сапалы жиһаз бен тіпті арнайы қорғаныш аяқ киімдеріне дейін Түркістанның атынан EXPO төрінде тізіліп тұр.

Үкімет бұл жобаға ақшаны аямаған екен. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мынадай таңғаларлық цифрларды жариялады. Тек өткен жылдың өзінде «Даму» қоры арқылы бизнеске 560 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 2 триллион теңге салық түскен.

Көрме тек сауда алаңы емес. Мұнда келгендер бизнесте Жасанды Интеллектіні (AI) қалай қолдану керектігін тегін үйреніп, танымал блогерлер мен әртістердің концертін тамашалады.



