
Қала ұйқы құшағында жатқан сәтте жедел жәрдем көлігі кезекті шақыртуға асығады. Ішінде — дәрігерлер. Олардың міндеті — уақытпен жарыса отырып, адам өмірін сақтап қалу.
Түркістан облыстық жедел жәрдем қызметінің дәрігері Үсен Рысқұлов үшін бұл жай жұмыс емес. Бұл — күн сайын қайталанатын жауапкершілік, адам тағдырына тікелей араласатын мамандық. Алты жылдан бері ол үміт пен үрейдің арасында қалған талай жанға алғашқы көмек көрсетіп келеді.

Балалық арманнан — биік мұратқа
Үсеннің медицина әлеміне келуі кездейсоқтық емес. Бұл — бала күнінен көкірегінде бүршік жарған, мектеп қабырғасында бекіген саналы таңдау. Адам жанына шипа сыйлауды мақсат еткен ол Халықаралық қазақ-түрік университетінің іргесінде бес жыл білім алып, кейін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде кәсіби біліктілігін шыңдады. Бүгінде ол тек дипломды маман ғана емес, өз ісіне жүрегімен берілген кәсіп иесі.
«Мен бұл жолды ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, өз қалауыммен таңдадым. Кішкентайымнан мұқтаж жандарға қол ұшын созсам деген асыл арман жетеледі», — дейді кейіпкеріміз өткен күндерін еске алып.
Жедел жәрдем дәрігерінің жұмыс күні таңғы сағат 7:30-да, өзгелер жұмысқа енді қамданып жатқанда басталады. Бригаданы қабылдап алу — үлкен жауапкершілік. Көліктегі құрал-жабдықтардың түгелдігі, дәрі-дәрмек қорының жеткіліктілігі және оттегі баллондарының дайындығы мұқият тексеріледі. Себебі сағат тілі сегізді көрсеткен сәттен бастап, келесі таңға дейін олар ондаған тағдырдың тікелей жауапкеріне айналады.
Үсен Рысқұловтың айтуынша, бұл қызметте тек медициналық білім аздық етеді. Мұнда темірдей төзім мен психологиялық дайындық керек.
«Біз тек аурумен емес, адамдардың ашу-ызасымен, үрейімен де бетпе-бет келеміз. Кейде науқастың туыстары жағдайды түсіндіре алмай, күйзелістен қан қысымы көтеріліп жатады. Әр адамның мінезіне кілт табу — біздің жұмыстың көрінбейтін қыры», — дейді ол.
Дәрігердің есінде мәңгілікке таңбаланған оқиғалар аз емес. Соның бірі — Кентау тасжолында орын алған жан түршігерлік жол апаты. Мотоцикл тізгіндеген жас жігіт ауыр жарақат алып, клиникалық өлім алдында тұрғанда, Үсен бастаған бригада 10 минутта жетіп үлгерген. Комадағы науқастың бас сүйегі зақымданып, өмір мен өлім арасында жатқан сәтте, олар алғашқы реанимациялық көмекті жолда жүріп жасап, аурухана табалдырығына аман жеткізді. Бұл — біліктілік пен жылдамдықтың нағыз үлгісі.
Тағы бірде Отырар ауданында жүрек талмасына (инфаркт) ұшыраған науқасқа дер кезінде шұғыл ем көрсетіп, кейін сол кісінің туыстарынан алғыс естігенде, Үсен өзінің мамандық таңдауда қателеспегенін тағы бір мәрте түсінген. Ал жаңа туған сәбидің алғашқы шыңғырған дауысын жедел жәрдем көлігінде есту — ол үшін ерекше сезім.

Қоғамның дерті және жастарға кеңес
Бүгінгі таңда дәрігерді алаңдататын мәселе — жастардың денсаулығы. Соңғы кездері энергетикалық сусындарды шектен тыс тұтыну салдарынан жүрек қағысы бұзылып, ауруханаға түсетіндер қатары көбейген. Үсен Бақытжанұлы әр шақыртуда жас буынға бұл «удың» зиянын түсіндіруден жалыққан емес.
Сонымен қатар, ол болашақ мамандарға мынадай ақыл-кеңес айтады:
«Мамандық таңдағанда ата-ананың немесе қоғамның емес, өз жүрегіңіздің үніне құлақ түріңіз. Егер жұмысыңызды сүймесеңіз, өзгеге пайдаңызды тигізе алмайсыз. Дәрігер болу — жай ғана қызмет емес, бұл — ар-ұждан алдындағы үлкен миссия».
Үсен Рысқұлов үшін ақ халат — бұл тазалықтың ғана емес, адалдықтың белгісі. Ол әр күні өз отбасын уайымға қалдырып, өзгелердің жан тыныштығы үшін аттанады. Дәрігердің ең үлкен марапаты — «Рақмет» деген бір ауыз жылы сөзі.
Ақ халатқа адалдықпен қызмет еткен мұндай жандар барда, адамзаттың үміті ешқашан сөнбейді.



