
Түркістаннан жаңа пәтер алып, қоныс тойын тойлауды армандап жүрсіз бе? Асықпаңыз! Әйтпесе, ақшаңыз желге ұшып, бармағыңызды тістеп қалуыңыз мүмкін.
Түркістан облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасы қала ішінде «рейд» жүргізіп, заңды белшесінен басқан екі компанияны анықтады. Олар — «SK TRANSSTROY» және «KERUEN CITY»ЖШС.
Бәріміз көріп жүрген Instagram мен Facebook-тегі әдемі жарнамаларға сенсек, бәрі керемет сияқты. Бірақ іс жүзінде бұл мекемелердің үй сатуға, халықтың ақшасын (үлескерлік қатысу) жинауға ешқандай ресми рұқсаты болмаған. Құрылысы бітпеген үйлерді «сатамыз» деп жарнаманы аямай жіберген. Яғни, заң бойынша олардың ақша жинауға әлі құқығы жоқ еді.
Заңды аттап өткені үшін екі серіктестікке 1000 АЕК (бұл 2 млн 162 мың теңгеден асады) мөлшерінде айыппұл салынды. Қазір олардың жарнамаларын өшіру жұмыстары жүріп жатыр.
Үй аларда неге назар аудару керек?
Мамандар ескертеді: егер құрылыс компаниясының қолында «тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру туралы шарты» болмаса ол жерден үй алу өте қауіпті. Бұл ертеңгі күні үй бітпей қалса немесе құрылыс тоқтап қалса, сіздің ақшаңызды ешкім қайтарып бермейді деген сөз.
Ал сіз үй аларда құжаттарын тексересіз бе, әлде жарнамасына сенесіз бе?



