Түркістан облысында бюджетке түсетін салық 40 млрд теңгеге артты: Мемлекеттік кірістер департаменті есеп берді
Түркістан облысының экономикалық әлеуеті қарқынды өсім көрсетуде. 2026 жылдың І тоқсанында мемлекеттік бюджетке 248,5 млрд теңге қаржы түсіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түсім көлемі 40 млрд теңгеге немесе 119%-ға артқан. Бұл туралы арнайы брифингте жауапты тұлғалар мәлімдеді.

Қосымша кіріс көздері мен цифрландыру
Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Сәуле Шырынбекованың айтуынша, биылғы жоспар 99,7%-ға орындалған. Тиімді салықтық әкімшілендірудің арқасында 2 млрд теңгеден астам қосымша кіріс көздері анықталды:
-
Камералдық бақылау: 572 млн теңге;
-
Өндірістік емес төлемдер: 610 млн теңге;
-
Жер қойнауын пайдаланушылар: 500 млн теңге;
-
Кедендік және ҚҚС әкімшілендіру: 387 млн теңге.
Сонымен қатар, салық саласындағы қызметтердің 99%-ы электронды форматқа көшірілген. Бірінші тоқсанда көрсетілген 500 мыңнан астам қызметтің басым бөлігі цифрлық жүйе арқылы жүзеге асып, сапа мен қолжетімділік артқан.
Кедендегі бақылау: Заңсыз тауар айналымына тосқауыл
Брифингте кеден бекеттеріндегі ахуалды Департаменттің басқарма басшысы Айдос Құралбайұлы баяндады. Кедендік бақылау күшейтіліп, заңбұзушылықтардың жолы кесілді:
-
Есірткі тасымалы: 3 дерек анықталды;
-
Мұнай өнімдері: Жанармайды заңсыз әкетпек болған 29 жағдай тіркеліп, 9,6 тонна отын тәркіленді;
-
Валюта: 12 200 АҚШ долларын заңсыз тасымалдау дерегі әшкереленді.
Инфрақұрылымдық жаңғыру: Жаңа бекеттер іске қосылмақ
Түркістан облысындағы шекаралық өткізу бекеттерін заманауи талаптарға сай жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда «Атамекен» және «Бауыржан Қонысбаев» бекеттері толық жаңартылып, «Қапланбек» кеден бекеті қайта іске қосылды.
Маңызды жаңалықтың бірі — «Жібек жолы» бекетін биыл тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, сауда-саттықтың жандануына тың серпін бермек.



