ТҮРКІСТАНДА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛДІ

Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша жұмысты үйлестіру мен ұйымдастыру шараларын тексеру үшін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс ауданындағы штабта болып, жауаптылардың есебін тыңдады, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Қуандықтың мәліметінше, 2026 жылы зиянкеске қарсы 91 100 гектар алқап өңделмек. Аймақтар 17 секторға бөлініп, әр секторға жауапты мамандар бекітілген. Анықтаушыларға жатын орындар ұйымдастырылып, 52 су көзі мен 17 су таситын көлік дайындалды. Жалпы өңдеуге 112 бүріккіш техника жұмылдырылмақ.

Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының басшысы Нұрлыбек Біләлбековтің айтуынша, Арыс қаласында 8 сектордан 19 шегіртке ошағы анықталған. Сарыағаш ауданында 12 секторда дернәсілдер жер бетіне шыққан, Келес ауданында барлық секторда белсенділік байқалады.

Ордабасы ауданында 47 мың гектар жер зерттеліп, 26,3 мың гектары өңдеуге жоспарланған. Аудан 3 секторға бөлініп, жауапты мамандар бекітілген.

Облыс әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне, жайылым иелері мен мал ұстаушыларға алдын ала хабарлап, техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау мен препарат мөлшерін қатаң бақылауды тапсырды.
Әр секторда күнделікті мониторинг жүргізіліп, техника мен жұмыс күші түгенделіп, нәтижелер штабқа уақытылы баяндалады.



