Басты жаңалықтар

Қазақстанда су инфрақұрылымы толық цифрлық жүйеге көшеді

Су ресурстары және ирригация министрлігі елдің су шаруашылығы нысандарын автоматтандыру мен цифрландырудың ауқымды жобасын бастады. Бұл бастама су тапшылығының алдын алуға және маңызды ресурсты тиімді басқаруға бағытталған, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын 103 ирригациялық каналды автоматтандыру жұмыстары қолға алынды. Жоба іске қосылғанда 65 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету сапасы артады. Бұдан бөлек, бұған дейін реконструкциядан өткен, ұзындығы 1184 шақырымды құрайтын тағы 270 канал цифрлық жүйеге қосылып жатыр.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта тағы 264 нысанды жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл жобалар аясында заманауи су есептеу жүйелері мен автоматтандыру элементтері жаппай енгізілмек.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл жұмыстардың мемлекет үшін стратегиялық маңызына тоқталды:

«Министрлік цифрлық құралдарды ұштастыра отырып, су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруда. Мұндай тәсіл экономиканың түрлі салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, елдің су қауіпсіздігін нығайтуға және өмірлік маңызы бар ресурсты болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді», — деді ведомство басшысы.

Бүгінгі таңда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 22 мың нысанды, соның ішінде 17 мың өзен мен 4 мыңға жуық көлді қамтып отыр. Қазіргі уақытта гидротехникалық нысандардың 60%-ы цифрландырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу және 6 мыңнан астам каналды жүйеге қосу жоспарлануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button