Келес ауданында химиялық өңдеу науқаны басталады
143 мың гектардан астам жер шегірткеге қарсы дәріленеді

Келес ауданында марокко шегірткесіне қарсы күрес шараларын ұйымдастыруға арналған маңызды жиын өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте зиянкестермен күресудің биылғы жоспары мен дайындық барысы пысықталды. Мәліметке сәйкес, ағымдағы жылы аудан бойынша жалпы көлемі 143 350 гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізу көзделіп отыр. Оның ішінде 88 875 гектар алқап жер үсті әдісімен залалсыздандырылса, 47 132 гектар аумақта дәрілеу жұмыстары әуе көлігі арқылы жүзеге асырылмақ.

Өткен жылдың тәжірибесіне сүйенсек, 2025 жылы ауданда 88 750 гектар жер химиялық өңдеуден өтіп, бұл науқанға 190 азамат ақылы қоғамдық жұмыс негізінде тартылған болатын. Ал биылғы меже бойынша 220 азамат уақытша жұмысқа қабылданып, ауылдық округтердегі нақты аймақтарда анықтаушы ретінде қызмет атқарады. Қазіргі таңда дайындық шаралары толық аяқталған: аудан 19 секторға бөлініп, әрқайсысына жауапты мамандар бекітілген. Сондай-ақ жұмысшылар үшін 19 жатын орын әзірленіп, техникалық қажеттіліктер үшін 40 су көзі анықталып, тиісті келісімдер жасалды.

Техникалық қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Науқан кезінде мамандарды тасымалдау үшін 42 автокөлік, су жеткізу үшін 20 арнайы техника дайындалды. Жалпы алғанда, мердігер мекеме тарапынан 100-ден астам техника жұмылдырылмақ. Жиын соңында жауапты мамандарға әр сектор бойынша нақты міндеттер жүктеліп, химиялық өңдеу кезіндегі техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Бұл жүйелі жұмыстар аймақтағы ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғауға және өнімділікті сақтауға бағытталған.



