Түркістанда республикалық ақындар айтысы өтті

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Айтыстың алтын айдары – Бекарысы» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтулы өнер додасы белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің 50 жылдық мерейтойына арналды.

Дәстүрлі өнерді дәріптеген шарада облыс әкімі Нұралхан Көшеров атынан мерейтой иесіне құрмет көрсетіліп, автокөлік кілті табысталды.

Аламан айтысқа елімізге танымал сөз шеберлері – Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Анар Жаппарқұлова, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Иранғайып Күзенбаев, Мейірбек Сұлтанхан және өзге де ақындар қатысып, барлығы 14 айтыскер бақ сынады.
Сахна төрінде өткен жыр додасында ақындар суырыпсалмалық өнердің үздік үлгісін көрсетіп, ел бірлігі, ұлттық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді жырға қосты.

Қорытындысында бас жүлдені Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев иеленді. ІІ орын Түркістан облысынан Дәурен Ақсақалов пен Батыс Қазақстан облысынан Жансая Мусинаға бұйырды. Ал ІІІ орынды Қызылорда облысынан Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан иеленді.
Айта кетейік, республикалық айтыс Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Amanat партиясының қолдауымен өтті.



