Woosong University Kazakhstan студенттері Президентке алғыс хат жолдады

Астана қаласында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атына “Dostyq Fellowship” бағдарламасы аясында Корея Республикасында өткен халықаралық Capstone Project жобасына қатысып қайтқан 12 студент алғыс хат жолдады. Жастар мемлекет қолдауының арқасында жаһандық деңгейде тәжірибе жинақтап, кәсіби көкжиегін кеңейткенін атап өтті,деп хабарлайды turkistanlife.kz
Үш аптаға созылған халықаралық бағдарлама барысында қазақстандық студенттер жасанды интеллект, IT және бағдарламалау бағыттары бойынша нақты жобалар әзірледі. Олар шетелдік профессорлармен және корей студенттерімен бірлесіп жұмыс істеп, идея әзірлеуден бастап оны таныстыруға дейінгі толық жобалық процесті меңгерді.
Студенттердің айтуынша, мұндай мүмкіндіктер – елдегі білім беру саясатының жүйелі дамуының нәтижесі.
«Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау халықаралық стандарттарға сай білім алуға және жаһандық бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға жол ашады. Осы орайда Мемлекет басшысына шынайы ризашылығымызды білдіреміз», – делінген алғыс хатта.
Бағдарлама тек кәсіби білімді тереңдетіп қана қоймай, командалық жұмыс, жобалық басқару, жүйелі ойлау және жауапкершілікті бөлісу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берген.
Бағдарлама қатысушысы Арайлым Алимуратова шетелдік тәжірибенің өзіне үлкен серпін бергенін айтады.
«Кореяға келгенде өзімді мүлде басқа академиялық ортада сезіндім. Университетте Capstone Project аясында корей студенттерімен бірге жұмыс істеп, идеядан бастап презентацияға дейінгі толық процесті өткердік. Командалық жұмыс пен уақытты басқару дағдыларым айтарлықтай дамыды. Осындай халықаралық тәжірибе алуға мүмкіндік бергені үшін Президентке шынайы алғысымды білдіремін», – дейді ол.
Бағдарлама қатысушылары алған білімдері мен тәжірибелерін ел игілігіне бағыттауды азаматтық міндет санайтынын жеткізді. Атап айтқанда, өз өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында IT және цифрлық технологиялар саласын дамытуға, жастарға арналған инновациялық бастамаларды жүзеге асыруға ниетті.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай халықаралық жобалар қазақстандық студенттердің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, елдің зияткерлік капиталын нығайтуға да ықпал етеді.



