Сарыағашта 34 жаңа ойын алаңшасы салынады

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар басталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмасы аясында биыл аудан көлемінде 34 балалар ойын алаңшасын пайдалануға беру жоспарланған. Солардың бірі Таскескен елді мекеніндегі заманауи кіші футбол және ойын алаңының құрылысы бүгінде қызу жүріп жатыр.
Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың желтоқсан айында басталып, 2026 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде жұмыстардың 30 пайызы орындалды. Жоба «AIN Development» ЖШС іске асыруда. Құрылысқа қажетті қаражат аудандық бюджет есебінен бөлінген. Қазіргі уақытта воркаут алаңшасының құрал-жабдықтары толық орнатылып, кіші футбол алаңшасының қоршаулары қойылды. Алаңды тегістеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар ауданда «Мәдени объектілерді дамыту» бағдарламасы аясында Мәдениет елді мекенінде 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі едендеріне бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Ішкі қабырғаларды әрлеу жұмыстары басталды. Нысанның құрылысын «Строительная компания «Люкс сервис» ЖШС қолға алған.

Әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың қатаң бақылауына алынған.



