Басты жаңалықтар

Қанат Шарлапаев Түркістан облысының кәсіпкерлерімен кездесті

Түркістан қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен жиын өтті , деп хабарлайды turkistanlife.kz

Шара барысында облыстың инвестициялық әлеуеті, бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері және кәсіпкерлерді мазалайтын өзекті мәселелер талқыланды.

​Жиынды Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішев жүргізіп, өңірдегі салалық кеңестердің жұмысы мен жаңадан сайланған Өңірлік кеңес құрамын таныстырды.

«Кездесуіміздің негізгі мақсаты – өңір кәсіпкерлерін толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салып, барлық тараптың ұстанымын тыңдай отырып, ашық әрі конструктивті форматта пікір алмасу, нақты ұсыныстарды талқылау. Күн тәртібіне сәйкес, бүгін Түркістан облысындағы кәсіпкерлік саласының қазіргі ахуалы, проблемалық мәселелері және даму перспективалары қаралмақ. Сіздердің көтерген мәселелеріңіз бен ұсыныстарыңыз алдағы жұмыс барысында ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатын болады. Біз үшін бизнестің әрбір үні маңызды», – деп атап өтті Нұралы Әбішев.

Инвестициялық серпін және халықаралық ынтымақтастық

​Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өз баяндамасында өңірдің экономикалық даму қарқынына тоқталды. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында өткен Turkistan International Investment & Tourism Forum аясында жалпы құны 1,7 трлн теңгеден асатын меморандумдарға қол қойылған.

​Бұл қаражат Саурандағы тоңазытқыш қондырғылар өндірісі, Созақтағы фосфат өңдеу зауыты, Мақтаарал мен Жетісайдағы тоқыма кластерлері сияқты ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Сонымен қатар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті брендтерді қалыптастыру және «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы бизнесті несиелендіру жұмыстары жүйелі жүргізілетінін атап өтілді.

Бизнеспен ашық диалог: Жүйелі мәселелер

Кездесудің негізгі бөлігі кәсіпкерлерді мазалайтын түйткілді мәселелерді талқылауға арналды. Сұрақ-жауап форматында өткен диалогта бизнес өкілдері өңірдегі кәсіпкерлік ахуалға кедергі келтіріп отырған бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Атап айтқанда:
Жер қатынастары және тексерулер. Кәсіпкерлер жер телімдерін пайдалану құқығын реттеу, Арнайы жер комиссияларының жұмысын жандандыру және үшінші тұлғалардың арызы негізінде жүргізілетін негізсіз тексерулерді шектеу қажеттігін айтты.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі кедергілер. Ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, мақта) экспорттауға қойылатын шектеулер, квота бөлу механизмін реформалау және мал тасымалдауға қатысты заңнамалық талаптарды жеңілдету мәселелері көтерілді.
Еңбек ресурстары мен әлеуметтік сала. Өңірдегі маусымдық жұмыстарға шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың уақтылы төленбеуіне қатысты проблемалар талқыланды.

Жиынды қорытындылай келе, ​Ұлттық палата басшысы Қанат Шарлапаев көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынатынын және олардың басым бөлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, орталық деңгейде шешілетінін атап өтті.

​«Біздің мақсатымыз – бизнестің әкімшілік кедергісіз дамуына жағдай жасау. Әрбір көтерілген мәселе, мейлі ол жер дауы, мейлі қаржыландыру болсын, Ұлттық палатаның жіті бақылауында болады. Түркістан облысының экономикалық драйверге айналуы үшін «Атамекен» барлық жүйелі кедергілерді жою бойынша Үкіметпен бірлескен жұмысты күшейтеді», – деді Қанат Шарлапаев.

Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев пен Нұралы Әбішев өңірдегі бірқатар өндірістік нысанды аралап, инновациялық технологиялардың қолданылу барысымен танысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button