Түркістанда Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы ұлықталды

Арқалықтан Түркістанға жеткен тарихи жәдігерлер биыл туғанына 95 жыл толатын Өзбекәлі Жәнібековтің құрметіне «Рух сардары» атты экспозиция көрерменге жол тартты, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Дала өлкесі тарихы облыстық музейі дайындаған бұл жоба қазақ мәдениетін жаңғыртқан тұлғаның өмір жолы мен қайраткерлік бейнесін жаңа қырынан көрсетті.
Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Көрменің мазмұнын байыту мақсатында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы да өз қорынан тарихи-мәдени жәдігерлер ұсынды. Бұл — қос музей арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.

Шара барысында Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, көрнекті ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Қыдырәлі Рысбеков сөз сөйлеп, тұлғаның ел тарихындағы орны мен рухани мұрасының құндылығын кеңінен тарқатты. Әсіресе, Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет пен руханият кеңістігіндегі еңбегіне тоқталып, оның артында қалған мол мұра әлі де терең зерттеліп, насихатталуы тиіс екенін атап өтті.

Жиын барысында көрермен назарына «Рух сардары» көрмесі ұсынылды. Экспозициямен Арқалық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы таныстырды. Көрменің басты ерекшелігі — мерейтойлық датаға сай 95 жәдігердің ұсынылуы. Олардың қатарында қайраткердің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттер мен құжаттар, ұлттық бұйымдар — астау, күміс белбеу, қамзол, сәукеле, ер және әйел киім үлгілері, сондай-ақ дәстүрлі қолөнер мен этнографияға қатысты құнды жәдігерлер бар.

Көрме мазмұны оның ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы рөлін, музей ісін дамытудағы жаңашыл бастамаларын, дәстүрлі өнер мен этнографияны жаңғыртуға қосқан үлесін, Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін арттырудағы қызметін көрсетеді.
Айта кетейік, көрме 10–12 ақпан аралығында жалғасады.


