Түркістан облысының белсенділері жаңа Конституциялық реформаны талқылады

Түркістан облысының Азаматтық альянсы бастамасымен өткен жиында конституциялық реформаның қоғамдағы рөлі талқыланып, өңірдегі ақпараттық ресурстық орталықтарға маңызды міндеттер жүктелді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Облыстың белсенді азаматтары мен медиаторлары жаңа Ата заң жобасын әр аудан мен қалада тұрғындарға жеткізіп, кең көлемде талқылауды жоспарлады.
Түркістан облысы Азаматтық альянсының президенті Инара Әбдіғаппарқызының модераторлығымен «Азаматтық қоғамның қалыптасуындағы конституциялық реформаның рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Гибридті форматта ұйымдастырылған жиынға өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдері қатысты.

Басқосуда «Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев пен «Жайылма» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат Сүйімбай баяндама жасады. Олар жаңа Ата заң жобасын құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның берік тірегі ретінде таныстырып, реформаның маңыздылығы туралы өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, өзекті сауалдар талқыланды. Модератор Инара Намазбаева кездесуді қорытындылай келе, аудандық және қалалық ақпараттық-ресурстық орталық басшыларына конституциялық реформаның мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіруді және жергілікті жерлерде талқылау шараларын жандандыруды тапсырды.



