Қазақстан–Өзбекстан шекарасында 1 000 жүк көлігіне арналған тұрақ салынып жатыр
Түркістан облысының Келес ауданында, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Б. Қонысбаев» өткізу бекетінің маңында 1 000 жүк көлігіне арналған арнайы тұрақтың құрылысы жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Келес және Сарыағаш аудандарындағы «Б. Қонысбаев», «Қапланбек», «Жібек жолы» және «Қазығұрт» өткізу бекеттерін аралап, кірме жолдар, автотұрақтар мен құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Қазір бұл бекет арқылы тәулігіне 600–650 жүк көлігі өткізіледі.
Жұмыс сапары барысында көлік кезегін реттеу, жол қозғалысына түсетін жүктемені азайту және өткізу бекеттерінің жұмысын үйлестіру мәселелері бойынша ведомствоаралық мәжіліс өтті. Оған мемлекеттік органдардың, аудан әкімдіктерінің және автотұрақ иелерінің өкілдері қатысты.
Жиында арнайы тұрақтарды тиімді пайдалану, жол бойындағы ретсіз көліктердің алдын алу, санитариялық жағдайды жақсарту және шекара маңындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.



