Басты жаңалықтар
Қазақстанда ірі криптобиржалар бұғатталып жатыр

Қазақстан аумағында тиісті лицензиясыз жұмыс істеп келген ірі халықаралық криптоплатформаларға цифрлық активтер қызметін ұсынуға және жарнамалауға ресми түрде қатаң тыйым салынды.
Сот шешімімен шектеуге іліккен танымал платформалар:
-
BingX
-
Bitcoin.com
-
Huobi Global
-
BitMart
-
Coinbase
-
WEEX
Сондай-ақ сот қаулысына сәйкес, Google Play және App Store мобильді дүкендерінің операторлары аталған сервистердің қосымшаларын ел аумағындағы пайдаланушылар үшін толығымен бұғаттауға міндеттелді.
Бұғаттаудың негізгі себептері
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) хабарлауынша, заңсыз криптоплатформалар қаржы нарығының тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Ресми лицензиясы бар компаниялар клиенттерді тексеру, қаржылық қауіпсіздік және заңсыз кірістерді заңдастыруға қарсы шараларға қомақты қаржы жұмсайды. Ал лицензиясыз биржалар бұл талаптарды айналып өтіп, адал бәсекелестік ережелерін бұзады.
Реттеуші тарап бұл бағыттағы жұмыстарды 2025 жылы бастаған. Алғашқы кезеңде 20-дан астам платформаға ескерту жіберіліп, кейбір биржалар өз еркімен қызметін тоқтатқан, ал енді бірі лицензия алуға өтініш берген. Ал талаптарды елемеген алты ірі платформаға қатысты мәжбүрлі түрде шектеу қойылды.
Пайдаланушыларға төнетін қауіптер
Реттеуші комитет заңсыз платформаларды пайдаланудың тәуекелдері жоғары екенін ескертеді:
-
Азаматтардың салынған қаражаттары мен активтері мемлекет тарапынан қорғалмайды;
-
Даулы жағдайлар мен қаржылық шығындар орын алғанда құқықтық көмек алу мүмкін емес.
Сол себепті сарапшылар криптовалюталық операцияларды жүргізбес бұрын платформаның АХҚО-да тіркелген ресми лицензиясын тексеруді ұсынады. Рұқсаты бар заңды компаниялар тізімі АХҚО-ның ресми сайтында жарияланған.



