Каспийдегі сарбаздар қазасы: 13 қылмыстық іс қозғалып, 5 лауазымды тұлға ұсталды
Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жұмысы бастаған болатын. Тексерудің алғашқы кезеңінің нәтижесінде 13 қылмыстық іс қозғалды.

Істер Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі мемлекеттік мүлікке қатысты заң бұзушылықтар, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану және басқа да құқық бұзушылықтар бойынша тіркелген.
Каспийдегі әскери оқу-жаттығуға қатысты алдын ала тергеу барысында іс-шараларды жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде елеулі кемшіліктер болғаны анықталған. Қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға ұсталды.
Сонымен қатар әскери қызметшілерге әлімжеттік жасау және жарғы талаптарын бұзу фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңға сәйкес жауапқа тартылуы тиіс екенін айтты.



