Басты жаңалықтар

Түркістанда халықаралық «Woosong Kazakhstan» университетінің жаңа оқу корпусының құрылысы басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде әлемнің жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңір орталығында былтыр ашылған халықаралық университеттің жаңа оқу корпусының іргетасы қаланып, капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ардагерлер, ұстаздар және студенттер қатысты.

Түркістан облысының әкімі жаңа жобаның маңызына тоқталып, мемлекет тарапынан жас ұрпаққа сапалы білім беру мен экономиканы цифрландыру бағытында үлкен міндеттер қойылғанын атап өтті. Өңірде «Woosong University Kazakhstan» университеті ашылып, облыстық бюджеттен 2025–2026 оқу жылына 100 грант, ал 2026–2027 оқу жылына 200 грант бөлінген. Қазірдің өзінде мұнда 342 студент білім алуда. Мақсат – жастарға жай ғана диплом беру емес, еңбек нарығына қажет, халықаралық талаптарға сай, жаңа технологияны еркін меңгеретін бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеу.

Жаңа оқу корпусының құрылысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы демеушілік жасап отыр. Жобаның сметалық құны 7,5 миллиард теңгені құрайды. Ғимараттар 4 қабатты болып, жалпы ауданы 16,5 мың шаршы метрді қамтиды. Кешен құрамында А, Б және В блоктарынан тұратын 3 ғимарат салынады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталып кетті және ол 2027 жылғы жаңа оқу жылында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button