Басты жаңалықтар

Каспийдегі іздестіру аяқталды: Жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын мәлімдеді.

Бүгін, 25 қыркүйекте сағат 09:15 шамасында із-түзсіз жоғалған соңғы екі әскери қызметші – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.

Оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райының кенеттен күрт нашарлауы салдарынан 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың 3-і құтқарылып, өкінішке қарай, 14 әскери қызметші қаза тапты.

• Бас прокуратура оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы құрылғанын, сондай-ақ күдікке ілінген тұлғалар анықталғанын хабарлады. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әрбір лауазымды тұлға заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.

• Үкіметтік комиссия құрылып, қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты, соның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетілуде. Қазақстан Халық Кеңесінің 17 кәсіпкері отбасыларға қосымша 815 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетеді.

• Ресей президенті Владимир Путин, сондай-ақ Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия басшылары Қазақстан халқы мен Президентіне көңіл айтты.

• Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бүгін, 25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштерінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button