19 млрд-тық келісім: Қазақстан мен Корея ірі жобаларды іске асырады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында инвестициялық жобалар мен Alatau City жобасына ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік сапар аясында жалпы құны $19 млрд болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылған.
Келісімдер аясында мұнай өңдеу зауытын салу, қонақүй құрылысы және қала құрылысы бағытындағы жобалар қарастырылған.
Сонымен қатар тараптар Alatau City жобасын дамыту мәселесін талқылады. Мемлекет басшысы бұл жобаға үлкен мән берілетінін атап өтті. Корейлік компанияларға Қазақстан заңнамасы аясында қажетті кепілдіктер беріледі.
Кездесуде Қазақстандағы корей диаспорасы мен екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 120 мыңнан астам этникалық корей тұратынын айтты.
Сондай-ақ мемлекет басшылары корей генералы Хон Бом Доның тарихи отанына қайтарылған сүйегі мәселесіне тоқталды. Ли Чжэ Мёң Қазақстанға жер аударылған корейлерге пана болғаны үшін қазақ халқына алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны жаңа әрі нақты мазмұнмен толықтыруға дайын екендерін растады.



