Басты жаңалықтар

Мақтааралда «ақ алтын» науқаны басталды: Диқандар мол өнім жинауға кірісті

Түркістан облысының аграрлық жүрегі – Мақтаарал ауданында жылдың ең жауапты әрі берекелі кезеңі – мақта терімі ресми түрде басталды. Көктемнен бері маңдай терін төккен диқандар жаз бойы күтіп-баптаған өнімін қамбаға жинауға кірісіп кетті.

Биыл аудан бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге «ақ алтын» егілді. Өнімді сапалы әрі мерзімінде жинап алу үшін қажетті агротехникалық шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алқаптарды сумен қамту жұмыстары толығымен аяқталды. Мақта көсектерінің тез ашылуын қамтамасыз ететін бұл шара бүгінде 29 мың гектардан астам аумақта жүргізілді. Мамандар бұл жұмыстар алдағы бір апта ішінде толық аяқталатынын атап өтуде.

Мақта терімі басталғалы бері 174,5 гектар алқаптан 478 тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда мақтаның орташа өнімділігі гектарына 27,4 центнерді құрап отыр. Озық тәжірибе көрсетіп, терімді ерте бастаған шаруа қожалықтарының бірі – Атабек Қожабеков басқаратын «Бірлік 2» шаруа қожалығы. Бұл алқаптың әр гектарынан 40 центнерден жоғары өнім алынып жатыр.

Шаруалардың иелігінде бүгінде 237 мақта теретін комбайн бар. Қазірдің өзінде күнделікті жұмысқа 24 комбайнжұмылдырылған. Алдағы уақытта дефолиация жұмыстары толық аяқталып, техника саны артқан сайын терім қарқыны да үстей түспек.

Атап өтерлік жайт: Мақта – Мақтаарал ауданының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының экономикасы үшін аса маңызды стратегиялық дақыл. Сондықтан өнімді ысырапсыз, мерзімінде жинап алу және техниканы тиімді пайдалану – басты назардағы міндет.

Ақ алтынның мол шығуына куә болған мақтааралдық диқандар бұл жолғы маусымды да табыспен аяқтауды мақсат етіп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button