80 төсек-орын: Түркістанда жаңа перзентхана іске қосылмақ
Түркістанда ана мен балаға медициналық қызмет көрсетуге арналған жаңа орталықтың құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңа медициналық орталықтың құрылыс барысын қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлыарнайы барып көрді. Нысанды аралау кезінде жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.
Екі қабатты ғимаратта ана мен балаға қажетті медициналық бөлімдер қарастырылған. Орталықтың жалпы сыйымдылығы – 80 төсек-орын.
Оның ішінде:
- 30 төсек-орын – жүктілік патологиясы бөліміне;
- 50 төсек-орын – босанғаннан кейінгі бөлімге арналған.
Сонымен қатар нысанда 6 босандыру залыболады. Бұдан бөлек, операция және реанимация залдары, ана мен балаға арналған палаталар қарастырылған.
Яғни жаңа орталықта жүктілік кезеңінен бастап, босану және босанғаннан кейінгі медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдай жасау көзделген.
Құрылыс жұмыстары бақылауда
Нысанды аралау барысында қала әкімі құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жауапты мамандармен көшпелі жиын өткізді. Жиында құрылыс қарқыны ғана емес, нысанның инфрақұрылымына қатысты мәселелер де қаралды.
Мердігер мекеме өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қала басшысы әлеуметтік маңызы бар нысанды белгіленген мерзімде аяқтап, сапалы пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті.
Заманауи талаптарға сай салынатын жаңа орталық іске қосылғаннан кейін Түркістандағы ана мен балаға медициналық көмек көрсетуге арналған нысандардың бірі болмақ.
Қазіргі жоспар бойынша жаңа ана мен бала орталығы қазан айында пайдалануға беріледі.



