Қол күрестен Түркістанның қарқыны мықты
ШАРДАРАЛЫҚ АРМРЕСТЛИНГ ШЕБЕРЛЕРІ КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА 4 АЛТЫН ЖӘНЕ 2 КҮМІС ЖЕҢДІ

Түркістандық спортшылар Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қарсыластарын қапы қалдырып, ел қоржынына 4 алтын және 2 күміс медаль салды.
«Шардара Армспорт» клубының үш спортшысы қол күресінен үздік нәтиже көрсетті.
Бір қолмен жеңу — бір бөлек. Ал екі қолмен қатарынан топ жару — нағыз шеберліктің белгісі. Түркістан облысының спортшылары дәл осы нәтижеге қол жеткізді.

Қырғызстанның көрікті Ыстықкөл өңірінде әлемнің әр елінен келген мықты спортшылар бас қосып, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынап жатыр. Дүбірлі додада Қазақстан атынан сынға түскен түркістандық армрестлинг шеберлері де бар күшін ортаға салды.
90 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан оң қол бойынша да, сол қол бойынша да қарсыластарының барлығын жеңді.
Осылайша, спортшы бір жарыстан екі алтын медальмен шықты.
+90 келі салмақтағы Медет Құттымұратов дәл сондай нәтиже көрсетті. Ол екі қол бойынша өткен бәсекеде қарсыластарына мүмкіндік бермей, тағы екі алтынды қанжығаға байлады.
Шардараның екі спортшысы Қазақстан қоржынына бірден төрт алтын қосты.

Бұл жарыста қыздар арасындағы бәсекеде Түркістан облысының спортшысы жүлдеге ілікті.
Ұлжан Оралбай оң және сол қол бойынша сынға түсіп, екі сайыста да күміс медаль жеңіп алды.
Осылайша, «Шардара Армспорт» клубының спортшылары Көшпенділер ойындарынан 4 алтын және 2 күміспен оралды.
Алты медальдің артында күн сайынғы жаттығу, табандылық және жеңіске деген жігер тұр. Шардаралық спортшылар халықаралық додада қарсыластарын ғана емес, өздерінің мүмкіндігін де сынап, ел сенімін ақтады.
Қазақстанның көк байрағын көкке көтерген бұл жеңіс — Түркістан спорты үшін үлкен нәтиже.



