Түркістанда су тапшылығына жаңа шешім

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану үшін су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда. Биыл мұндай технологиялар қолданылатын алқап көлемін 164 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда суару маусымының қорытындысы, ағын сумен қамтамасыз ету және трансшекаралық өзендердегі жағдай талқыланды.

Биыл Сырдария өзені арқылы 400 м³/сек, «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы 80 м³/сек, Машканал арқылы 14 м³/сек ағын су босатылған.
«Қызылқұм» магистралды каналы арқылы Шардара, Отырар және Арыс аудандарының егістік алқаптарына су жеткізілді. Ал «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы 140 мыңға жуық гектар жер суарылды.
Сонымен қатар «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» магистралды каналдары Сарыағаш, Келес және Қазығұрт аудандарын ағын сумен қамтамасыз етті.
Жауапты мамандардың айтуынша, суару маусымында туындаған мәселелер уақытылы бақылауға алынып, шаруалардың сұраныстары қанағаттандырылған.

Жиында су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән берілді. Жауапты басқарма мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Биыл су үнемдеу технологияларымен қамтылған жер көлемін 164 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бұл облыстағы суармалы жердің шамамен 30 пайызын қамтиды.
Жаңа технологияларды кеңінен енгізу нәтижесінде жыл сайын шамамен 280 млн текше метр су үнемдеу жоспарлануда.



