Басты жаңалықтар

Түркістан ауылдарында қандай өзгерістер болып жатыр?

Түркістан облысында бүгінде елді мекендерді дамытуға басымдық беріліп, тұрғындарды ауыз сумен, газбен, сапалы жолмен және баспанамен қамту бағытындағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Өңір халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, негізгі назар инфрақұрылымды жақсартуға аударылып отыр.

Ең маңызды жетістіктердің бірі – барлық елді мекеннің сапалы ауыз сумен қамтылуы. Өткен жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Соның ішінде Шардарадағы «Тама–Тастанбек» топтық су құбыры іске қосылып, 30 мыңнан астам тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді.

Газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қазір облыстағы газбен қамту деңгейі 88,9 пайызды құрайды. Биыл тағы 33 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, бұл көрсеткіш 89,6 пайызға дейін өседі. Нәтижесінде газ қосылған ауылдар саны 639-ға жетеді.

Жол сапасы да айтарлықтай жақсарған. Есепті кезеңде 821 шақырым жол жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызға жетті.

Баспана мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен жоқ. Өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3 733 пәтер берілсе, биыл тағы 3 561 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде 83 жаңа нысан халық игілігіне берілді. Оның ішінде 25 мектеп, 35 денсаулық сақтау нысаны, 17 спорт және 6 мәдениет нысаны бар.

Білім саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Президенттің «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жоспарланған 16 мектептің барлығы пайдалануға берілді.

Ал облыс орталығы Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Қалада ипподром, Қолөнершілер орталығы мен Экопарк ашылып, ал жуырда заманауи аквапарк келушілерге есігін айқара ашпақ.

Осылайша Түркістан облысында ауыл мен қаланы қатар дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Су, газ, жол, тұрғын үй, мектеп және әлеуметтік нысандардың көбеюі өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын кезең-кезеңімен жақсартуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button