60 мың гектарға су беретін канал жаңғыртылады

Жетісай ауданындағы 60 мың гектарға жуық суармалы алқапты сумен қамтамасыз ететін «Тәуелсіздікке 20 жыл» каналы күрделі жөндеуден өтпек. Каналдың қазіргі жағдайымен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде танысты.

Вице-премьер өңір әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге каналдың №1 және №2 сорғы станцияларына барып, суару маусымының барысын көрді.
2009–2011 жылдары салынған канал бүгінде Шардара су қоймасынан қосымша су жеткізіп, «Достық» магистральдық каналы арқылы келетін су көлемі азайған кезде өңірді сумен қамтамасыз етеді. Ұзындығы – 15,9 шақырым, су өткізу қабілеті секундына 60 текше метр. Жүйеде 12 сорғы агрегаты жұмыс істейді.

Алайда каналдың кейбір бөліктері тозып, су өткізу мүмкіндігі төмендеген. Сондықтан қалған 10,1 шақырымын бетондау, күрделі жөндеу жүргізу және жобалық қуатын қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Бұл жоба жүзеге асса, 60 мың гектарға жуық егістік тұрақты сумен қамтылады. Сонымен қатар канал бойындағы тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың қауіпсіздігі артады.

Сапар соңында Қанат Бозымбаев суару маусымын сапалы ұйымдастыруды, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды және шаруаларды ағын сумен үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.



