Түркістан облысы дотациядан құтыла ма?
Әкім жоспарды кешіктірген шенділерді жазаламақ

Түркістан облысында кезекті Инвестициялық штаб отырысы өтіп, онда өңірді дотациялық тәуелділіктен шығару мәселесі қызу талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестициялық жобаларды уақытында орындай алмай, жұмысты кешіктіріп отырған аудан мен қала әкімдерін қатал сынға алып, шұғыл шара қолдануды тапсырды.
Әкімнің мәлімдеуінше, өңірдің өзіндік кіріс үлесі 2023 жылғы 10 пайыздан қазір 20 пайызға жеткен. Ал алдағы 10 жылда Түркістан облысын өзін-өзі толық қаржыландыратын аймаққа айналдыру жоспарлануда. Осы мақсатта өндіріс орындарын ашу мен шикізатты терең өңдеуге басымдық берілмек. Нұралхан Көшеров әр әкімге бір ай мерзім ішінде ауданның ерекшелігіне сай нақты жоспар әзірлеуді жүктеді, ал жұмыс нәтижесін көрсете алмаған басшыларға тиісті шара қолданылатынын ескертті.

Жиында Сайрам ауданындағы «Қайып ата» компаниясының ет өңдеу комбинаты, құрама жем зауыты, Арыстағы 35 мың басқа арналған бордақылау кешені, сондай-ақ Түлкібас, Жетісай, Қазығұрт аудандарындағы ірі сүт фермалары мен құс фабрикасының құрылыс барысы қаралды. Мақтаарал және Келес аудандарының әкімдері шетелдік инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп берді.

Жиын соңында облыс әкімі өндірістік парктерді дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бақылауды күшейтуді тапсырды.



