Қазақстандық AI-мамандары 21,5 млн доллар инвестиция алды

Жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсеке қызған шақта, қазақстандық мамандар негізін қалаған Nace.AI стартапы әлемдік технологиялық орталық — Кремний алқабында айтарлықтай жетістікке жетті. Отандық инженерлер мен ғалымдардан құралған команда халықаралық инвесторлардың сеніміне ие болып, 21,5 миллион доллар көлемінде инвестиция тартты, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Бұл қаржыландыру раундына әлемдегі ең беделді венчурлық қорлардың бірі — General Catalyst жетекшілік етті. Айта кетерлігі, инвестордың оң шешімі шыққаннан кейін келісімшарт небәрі 36 сағат ішінде жабылып, рекордтық жылдамдық көрсетті. Алайда бұл табысқа жету жолы оңай болған жоқ. Жоба авторлары екі айдың ішінде 42 кездесу өткізіп, оның 41-інде «жоқ» деген жауап естіген. Стартаптың негізін қалаушы әрі бас директоры Дос Бақытжанның айтуынша, команданың табандылығы мен жобаның нақты бизнес-мәселелерді шешуге бағытталғаны басты рөл атқарды.
«Біз өткінші трендтің соңынан ерген жоқпыз, біз күрделі мәселелерді шешетін және нәтижесін өлшеуге болатын жасанды интеллект жасап жатырмыз», — дейді ол.
Бұл стратегия Nace.AI-ды нарықтағы басқа генеративті модельдерден ерекшелендіріп, оны корпоративтік сектор үшін тартымды етті. Компанияның алғашқы өнімі қаржылық аудит жүргізуге мамандандырылған AI-агент. Бұл технология үлкен көлемдегі құжаттарды адамнан әлдеқайда жылдам талдап, транзакцияларды тексереді және инвесторларға арналған есептерді автоматты түрде дайындайды. Компания мәліметінше, бұл шешімді енгізу белгілі бір тапсырмаларды орындау уақытын 20 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жасанды интеллектінің тек теориялық мүмкіндік емес, іс жүзінде бизнеске пайда әкелетін нақты құралға айналғанының дәлелі.
Жобаның артында жоғары білікті кәсіпқойлар тобы тұр. Бас директор Дос Бақытжан бұған дейін GOAT.AI жобасын сәтті дамытып, оны халықаралық компанияға сатқан тәжірибелі кәсіпкер болса, техникалық директор Жәнібек Датбаев Meta AI-да модельдерді үйрету инфракұрылымын жасақтаған әлемдік деңгейдегі маман. Ал ғылыми жетекші Әбілқайыр Сапаров — Purdue University профессоры және АҚШ-тағы алғашқы қазақ deep learning профессоры ретінде танымал. Команданың мұндай интеллектуалдық әлеуеті мен алдыңғы жобалардағы табысты тәжірибесі инвесторлар үшін басты кепілдікке айналды.
Қазіргі уақытта Nace.AI штаб-пәтері Кремний алқабында орналасқан. Бұл таңдау капиталға, ірі клиенттерге және шешім қабылдау жылдамдығына тікелей байланысты. Тартылған 21,5 миллион доллар инвестиция команданы кеңейтуге, есептеу инфракұрылымын нығайтуға және деректермен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге жұмсалмақ. Болашақта компания кәсіпорындардың операциялық процестерінің едәуір бөлігін толық автоматтандыруды жоспарлап отыр, бұл отандық мамандардың жаһандық технологиялық нарықтағы орнын одан әрі нығайта түспек.



