Басты жаңалықтар

Жеті ата қақпасының сыры ашылды

Түркістанда «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен жаңа туристік бағытқа енгізілген тарихи нысандарға арналған баспасөз туры өтті.

Шара барысында БАҚ өкілдері, тарихшылар мен туризм саласының мамандары Баб Араб мешіт-музейін, Жеті ата қақпасын, сондай-ақ Баб Араб және Үндемес ата кесенелерін аралап көрді. Қатысушылар нысандардың тарихымен танысып, жүргізілген ғылыми зерттеулер туралы мәлімет алды.


Музей-қорық директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков жаңа туристік маршруттың өңірдің тарихи-мәдени мұрасын танытудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыт Түркістанның көне тарихын кеңінен насихаттап, туризмді дамытуға серпін береді.

Баспасөз турында археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев тарихи нысандарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Оның сөзінше, көпжылдық зерттеулердің арқасында Баб Араб мешіті, Жеті ата қақпасы және оған жақын орналасқан кесенелердің бастапқы келбеті анықталып, қайта қалпына келтірілген.


Жеті ата қақпасы – Түркістанның көне қорғаныс жүйесіне кірген төрт қақпаның бірі. Оның маңында орналасқан Баб Араб мешіті мен Баб Араб, Үндемес ата кесенелері қаланың тарихи келбетін айқындайтын маңызды ескерткіштер саналады.

Мамандардың айтуынша, Баб Араб пен Үндемес ата кесенелерінің 1910 жылы түсірілген тарихи фотосуреттері сақталған. Бұл деректер кесенелердің XIX ғасырдың соңында салынғанын дәлелдейді.

Бүгінде қайта жаңғыртылған тарихи нысандар Түркістанның мәдени мұрасын танытып, келушілер үшін маңызды туристік орындардың біріне айналып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button