Алғашқы астық жиналды
Түркістан облысы биылғы астық орағын елімізде бірінші болып қорытындылауға жақын.

Алғашқы болып піскен бидай Қазығұрт ауданындағы «Үшбастау» өндірістік кооперативінің алқабынан жиналып, қамбаға құйылып жатыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына барып, егін жинау барысын бақылады. Өңір басшысы шаруашылықта қолданылып жатқан су үнемдеу технологиялары мен өндірістік мүмкіндіктерді көріп, жергілікті диқандар және кәсіпкерлермен кездесті.

«Үшбастау» өндірістік кооперативі биыл 700 гектарға бидай, 110 гектарға арпа, 150 гектарға мақсары және 60 гектарға жоңышқа еккен. Соңғы жылдары шаруашылық нөлдік өңдеу технологиясын тұрақты пайдаланып келеді. Биыл бұл тәсіл 600 гектар бидай алқабында қолданылған. Әдіс топырақтағы ылғалды сақтап, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Шаруашылықта 2500 тонна астық сақтайтын қойма, заманауи комбайндар мен өзге де ауыл шаруашылығы техникалары жұмыс істейді. Мұнда 12 адам тұрақты еңбек етсе, орақ кезінде тағы 20 тұрғын маусымдық жұмысқа тартылады.

Сапар барысында облыс әкіміне Қазығұрт ауданындағы аграрлық жобалар мен инвестициялық жоспарлар таныстырылды. Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, өнімді терең өңдеуге басымдық беру маңызды екенін айтты.

Түркістан облысында егін орағы қызу жалғасып жатыр. Соңғы сегіз жылда өңірдің ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі екі еседен астам өсіп, 1,2 триллион теңгеге жетті. Биыл егіс алқабы 919,4 мың гектарды құрады. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Түркістан облысы республикадағы көшбасшылық орнын сақтап отыр.



